Алматыда коронавирус жұқтырған 4 науқастың жағдайы өте ауыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырған жаңа 37 жағдай анықталды. Індет жұқтырғандардың жалпы саны 2499 адам, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңадан жұқтырғандардың төртеуі жергілікті тұрғын. Бұл азаматтардан қауіпті індет өздерін профилактикалық мақсатта тексерген кезде анықталған. Тағы 4 азаматтан қалалық стационарларға жатқызу кезінде табылды. Қалған адамдар науқастармен байланыста болған жандар.Стационарларға емдеуге жатқызылған барлық науқас коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында, талдау нәтижелері шыққанға дейін сүзгі режиміндегі бөлімдерде болады»,– дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Қазіргі уақытта инфекция жұқтырған 1038 адам қаланың жұқпалы аурулар стационарларында ем алып жатыр, оның ішінде 56 бала бар.

«Бұрын созылмалы ауруларының болуына байланысты 4 адамның жағдайы өте ауыр, 22 пациент – ауыр, 304 науқастың жай-күйі – ауырлықтың орташа дәрежесінде. Ал қалған емделушілердің жағдайлары қанағаттанарлық. Жалпы, науқастардың басым көпшілігінде ауру симптомсыз өтуде деп айтуға болады», – деді Тілеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, провизорлық госпитальдарда – 177 адам, карантиндік оқшаулауда – 139 адам және үй карантинінде 14339 азамат бар.

Кеше Алматыда коронавирустық инфекциядан сауығып, 76 адам емханадан шығарылды. Бүгін тағы 30-дан астам адамды үйіне шығару жоспарда.

Жалпы, Алматыда пандемия басталғаннан бері 1451 азамат сауығып шақты. Бұл мегаполисте тіркелген, вирус жұқтырған адамдардың жалпы санының 59 пайызын құрайды.

«Қалада карантин сақталуда. Мен тұрғындарды барлық карантиндік шараларды, әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағу режимін сақтауға шақырамын», - деп қорытындылады басқарма басшысы


Соңғы жаңалықтар