Алматыда қазан айында КВИ жұқтырушылар саны төмендеуі мүмкін - Әсел Қалықова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Инфекция жұқтырғандар санының азайғанына қарамастан Алматы КВИ бойынша «қызыл» аймақта тұр. Бұл туралы Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыдағы қазіргі жағдай пессимистік болжамға сәйкес келеді. Мысалы, соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 426 жағдай тіркелді. Ал эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында қала «қызыл аймақта» тұр. Сондықтан әлі босаңсуға болмайды әрі вакцинацияны күшейту керек»,- деді ол.

Оның айтуынша, «COVID–19 қоздырғышының «Дельта« патогенділігінің төмендеу үрдісі байқалды. Бұған «симптомдық« науқастардың үлес салмағының қыркүйектің басындағы 96%-дан 27 қыркүйекке 92%-ға дейін төмендеуі дәлел. Қазан айында КВИ жұқтырушылардың саны тәулігіне 40-тан 100-ге дейінгі аралықты көрсетіп, осылайша төмендеуі мүмкін деп болжанып отыр.

«Бұл ретте шаһардағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай бойынша қала тұрғындарының иммундық деңгейі 50%-ға жетті. Ресми мәлімет бойынша халықтың 43%-ы вакцинаның екінші компонентін алса, 7%-ы жыл басынан бері сауығып кеткендер»,- деді спикер.

Әсел Қалықова алматылықтарға босаңсуға болмайтынын атап өтті. Өйткені қауіп толығымен сейілген жоқ. Коронавирустың жаңа нұсқалары таралуда.

«COVID-19 ауруының платоға жетуі пандемия аяқталды дегенді білдірмейді. Бүгінде инфекциялық процесті тоқтатудың ең тікелей әрі жылдам тәсілі – тек вакцинация», – деп сөзін қорытындылады.

Айта кетейік, өткен тәулікте Алматыда 2324 адамға бірінші компонент, 4636 адам екінші компонентке егілді.

Барлығы 2021 жылдың 1 ақпан - 28 қыркүйек аралығында 948 526 адам бірінші компонентті, 851 423 адам екінші компонентті алды.

Вакциналанған 60 жастан асқан адамдар саны 117 969 адамға жетті.

Еске салсақ, қалада медициналық ұйымдарда, мектеп, мәдениет және спорт нысандарында, базар мен сауда ойын-сауық орталықтарында 160 екпе пункті жұмыс істеп тұр.


Соңғы жаңалықтар