Алматыда қар тазалау бойынша тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қар тазалау бойынша тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен брифинг барысында Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Диас Ахметқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кету керек, 16 ақпанда таңғы 3:00-де Алматыда жауын басталған болатын. Жауынның арты қарға ұласты. Осылайша қалаға 18 см қар түсті. Таулы аймақтардағы қардың қалыңдығы 90 см жетті.

Осыған байланысты әкімдік 8 аудан әкімшілігімен біріге отырып тәулік бойғы кезекшілік бекітті.

«Көктайғақты болдырмау мақсатында қала көшелеріне 6911 тонна құм себілді. Бүгінде қар 2450 көшеден шығарылып жатыр. Оның ішінде 219 көше - магистралды, 171 – аудандық, 1928 көше жергілікті болып отыр. Жалпы ұзындығы 2718 шақырым жол мен 1264 шақырым тротуар қардан тазаланып жатыр», - деді Диас Ахметқалиев.

16 ақпанда жол полициясы колоннасының қатысуымен қар күреу жұмыстары басталды. Оған 600 арнайы техника мен 2500 жұмысшы жұмылдырылды.

Алматыда қардың қалың түсуінен электр желілері үзілген. «16-17 ақпан аралығында «Алатау жарық компаниясы» МКК диспетчерлік пультіне 201 өтініш түскен. Оның 164-і бойынша мәселе шешілді. Ал 37 өтінім қаралып жатыр. Электр желілерін жөндеуге «АЖК» мекемесінің 9 техникасы, 90 қызметкері жұмылдырылды», - деді «Алматы құтқару қызметі» мекемесінің өкілі Дмитрий Чухонцев.


Соңғы жаңалықтар