Алматыда интернатта көрсетілетін қызметтердің сапасына мониторинг жүргізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бейнеконференция режимінде Алматы қаласының интернат ұйымдарының басшыларымен кәмелет жасына толмағандар және олардың құқығын қорғау ісі бойынша қалалық ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыстың жұмысына Алматы қаласының мәслихат депутаты Шавкат Омаров, Алматы қаласының білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, полиция полковнигі, Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Манап Саттаров, «Қазақстанның балалар үйі түлектерінің ассоциациясы» ЗТҰ президенті Рафаэль Гасанов қатысты.

Комиссия арнайы интернаттық ұйымдардың жұмысын жетілдіру, білім саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, балалар үйі түлектерінің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, қылмыстың алдын алу мәселелерін қарады.

Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлованың, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаеваның, ювеналды полиция басқармасының басшысыі Лейла Әліпбаеваның баяндамасы тыңдалды.

Алматыда 18 мектеп-интернат бар, оларда 3 640 бала тұрады. 8 түзету мектеп-интернаттарында 2 542 бала тәрбиленуде, олардың арасында сөйлеу, есту кемістігі бар балалар, сонымен бірге жетім балалар да бар. Барлық мекемелер шеберханалармен, ойын залдарымен және медициналық пункттермен жабдықталған. Соңғы үш жылда ұйымдардың тәрбиленушілеріне, жетім балалар мен ата-ана қарауынсыз қалған балаларға 259 пәтер берілген.

Суицидтің алдын алу мақсатында Психикалық денсаулық орталығының негізінде психологтардың онлайн кеңес беру жұмысы ұйымдастырылды. Осы кезге дейін 29 адамға кеңес беріліп, соңғы 4 айда сенім телефонына қала тұрғындарынан 1035 қоңырау келіп түсті. Қоңырау шалушылардың бәріне білікті мамандардың психологиялық көмегі көрсетілді. Сонымен бірге, білім беру жүйесінің 148 маманы оқу семинарларына қатысты. Әлеуметтік педагогтар, медициналық қызметкерлер және басқа да мамандар арасынан 4 ауданда 206 адам үйрету курстарынан өтті.

Алматы қаласының білім басқармасы жүйелі түрде интернаттық мекемелер қызметін анықталған тәртіп бұзушылықтарды көрсете отырып және олардың жойылуын бақылауға ала отырып, мониторинг жүргізеді. Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу, еңбек заңнамасы, санитарлық және өрт нормаларының бұзылуы сынды тәртіп бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде анықталған тәртіп бұзушылықтың бәрі жойылды. Арнайы мектеп-интернаттардың бірқатар директорлары мен директор орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров балалардың сапалы білім және тәрбие алуы, тамақтануы, сонымен қатар, 29 жасқа толмаған жетім балаларды баспанамен қамту сынды мәселелерге баса назар аударды.

«Балалар – біздің болашағымыз. Интернат жетекшілері біздің балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне жеке басымен жауапты. Тәрбиленушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзу фактілерін жасыруға мүлде жол бермеу керек», - деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.

Қалалық білім басқармасы мен білім жетекшілеріне тәртіп бұзушылықтардың алдын алу, интернаттық ұйым түлектерін жетекшілік және басқа да институттарды қатыстыра отырып жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Бір ай ішінде жүргізілген жұмыстар және алдағы кезеңдегі атқарылуы тиіс міндеттер жөнінде қамқорлық кеңесін өткізу тапсырылды.

Алматы қаласы бойынша білім саласын бақылау департаменті мен Қазақстанның балалар үйі түлектері ассоциациясына қалалық интернаттық ұйымдар көрсететін қызметтер сапасының межеге сәйкес болуы жөнінде мониторингтік комиссия құру тапсырылды.

Тексеруден бөлек, балалар арасында сауалнама да жүргізіледі. Сауалнама барысында әкімшіліктің араласуына жол берілмейді.

Тексерістердің әділ болуын қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйым мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де қатысады.

Соңғы жаңалықтар