Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтары газға тегін қосылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтары газға тегін қосылады. Бұл туралы шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық актив отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі келтірген дерекке сүйенсек, Алматыда 2 жыл ішінде газбен жабдықтау желілеріне 3,8 мыңнан астам тұрғын үй қосылды. Бүгінде тұрғындардың 99,2% орталықтандырылған газбен қамтылған.

«Қазіргі уақытта 1497 тұрғын үй, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары газға қосылмаған күйінде қалып отыр. Қала бюджеті есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарын газға тегін қосамыз»,- деді әкім.

Сонымен қатар, ол «Жаңа Алматы» іргелес аймақтарды дамытудың кешенді жоспары аясында 428 жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.

«2 жыл ішінде 178 жоба іске асырылды, 177 жоба іске асырылу сатысында, 73 жоба келесі жылға көзделген. Жоспар бойынша жыл сайынғы қаржыландыру шамамен 200 млрд теңге. Бүгінде Үкіметпен жоспар жобалары бойынша қаржыландыруды ұлғайту мәселесін талқылаудамыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ ол қаланың коммундалдық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын табатынын жеткізді.

«2021 жылы Рысқұлов – Емцов жол айрығының құрылысы аяқталды, Алатау көшесін тесу, Абай бойынша қозғалыс ашылды, Таусамалы шағынауданында Қонаев көшесін қайта жаңарту аяқталды, Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының 8 шағынауданында, атап айтқанда Алғабас, Шаңырақ-5, Самғау, Өжет, Әлмерек, Қайрат, Нұршашқан, Құрамыста 65 шақырымды жаңа жол салынды», - деді әкім.

Бақытжан Сағынтаев биыл Бұқтырма – Құлжа жол айрығы бойынша жұмыстар аяқталатынын жеткізді.

«Сонымен қатар Сейфуллин – Жансүгіров қиылысындағы қозғалыс ашылады. Әуезов көшесін ұзарту жұмыстары аяқталады, Сайын көшесін ұзарту жалғасады, Төле би көшесін ұзарту жұмыстары басталады. Алғабас, Әлмерек, Қайрат, Шұғыла, Ақжар және Шапағат шағын аудандарында 100 км жаңа жол салынады»,- деп қосты Шаһар басшысы.


Соңғы жаңалықтар