Алматыда халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің шешімімен бүгіннен бастап қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматылықтар ХҚО-да электронды форматта қолжетімсіз, «қағаз» жүзіндегі қызметтерді ғана ала алады. Бұл шамамен 100 мемлекеттік қызмет, оларды алу үшін ХҚО-ға бару қажет. Сондай-ақ, ХҚО-дан egov.kz порталы арқылы онлайн түрде рәсімделген қызметтердің дайын нәтижесін алуға болады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматына көшуге байланысты нысандар эпидемияға қарсы барлық санитариялық режимді қатаң сақтау, әлеуметтік қашықтық және адамдар ағынын реттеу секілді шараларды сақтай отырып жұмыс істеуде», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Осылайша, қалада 16 фронт-офис, 5– мамандандырылған ХҚО, 2 – Миграциялық, 2– Цифрлық қызмет көрсету орталықтары ашылды. 1600-ден астам қызметкер жұмысқа шықты. Оның ішінде клиенттермен тікелей байланыста жұмыс істейтін 933 фронт-офис маманы бар. Жұмыс уақыты дүйсенбі мен сенбі аралығында, таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Алдын ала жазылусыз ХҚО-ларда ешқандай қызмет көрсетілмейді. ХҚО-ға бару үшін кезек уақытын 1414 байланыс орталығы немесе немесе egov.kz порталындағы арнайы сервис арқылы алдын ала брондау қажет болады.

«Қалған, электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын тек өздігінен немесе әкімдіктер жанындағы кеңселерде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда, екінші деңгейдегі банктерде, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, «Нұр Отан» партиясы кеңселерінде, сауда орталықтарында, автосалондарда, және т.б. орындардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларынан ала алады. Бұл азаматтардың ХҚО-да көптеп жиналуын болдырмайды және вирусты жұқтыру қаупін жояды», - дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.

Бүгінгі таңда, Алматы қаласы филиалы үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға мүмкіндігі жоқ адамдарға 40-қа жуық eGov бұрышы дайындалды.

Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен мүгедектер үшін әр фронт-офисте жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Олар да ХҚО-ға баратын уақытын алдын ала брондауы керек.

«ХҚО-ға тек маскамен кіргізіледі. Ғимараттың алдында келушілердің әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін арнайы таңбалар сызылған. Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі жойылған жоқ, бұл шаралардың барлығы алматылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған»,– деп қортындылады Данияр Қырықбаев.


Соңғы жаңалықтар