Алматыда ескі 708 үй бұзылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы басталды, оның аясында 708 ескі үйді бұзу және 683 тұрғын үй салу жоспарда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалада ескі ғимараттар адамдардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіреді. Тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы ескі үйлердің орнына жаңа функционалды және заманауи нысандар салуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұзылған тозығы жеткен үйлердің аумағында тұрғын үйлер ғана емес, халыққа жаңа қызмет көрсету нысандары салынады, жаңа желілер тартылады, саябақтар, бульварлар, алаңдар, қоғамдық орындар пайда болады»,- деп хабарлады «Алматы» ӘКК.

Бұған дейін 2012-2015 жылдарға арналған Алматы қаласында апатты үйлерді бұзудың пилоттық бағдарламасына сәйкес, 56 ескі үй сүріліп, 63 көппәтерлі тұрғын үй салынған болатын. Осы бағдарламаның арқасында 579 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды.

Бағдарламадағы ескі үйлердің тізімі апатты баспана тұрғындарының аудандық әкімдіктеріне жиі жүгінуі негізінде құрылды.

Бағдарламаның операторы - «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.

Бағдарламада жүзеге асыру механизмінің екі нұсқасы қарастырылған:

- «Алматы» ӘКК және жеке инвестор жүзеге асыратын жобалар;

- мемлекеттік қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын жобалар.

Сондай-ақ бағдарламада Алматы қаласының әр ауданында тозығы жеткен үйлерді бұзу және жаңа үйлер салу көрсетілген.

Алматыда тұрғын үй қорын жаңартудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы ӘКК сайтында орналастырылған.


Соңғы жаңалықтар