Алматыда «Елбасы. Жастар. Болашақ» атты салтанатты шара өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Республика сарайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні құрметіне орай «Елбасы. Жастар. Болашақ» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға ғылым мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қаланың құрметті тұрғындары, ардагерлер кеңесінің, қоғамдық бірлестіктердің, жастар мен балалар ұйымдарының мүшелері шақырылды.

Концерт алдында көрермендерге Елбасының мемлекетті қалыптастыру мен нығайтудағы ерекше рөліне арналған ролик көрсетілді.

Концертте Роза Рымбаева, Әлішер Кәрімов, МузАрт, Кешью тобы және басқа да қазақстандық әртістер өнер көрсетті.

Н. Назарбаев жазған әндер, сондай-ақ Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметіне арналған шығармалар орындалды.

«Биылғы жыл біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – бәріміз үшін тарихи күн. Осы жылдар ішінде біздің мемлекетіміз бен халқымыз айтарлықтай биіктерге жетті. Қысқа мерзім ішінде біздің еліміз әлемдік аренаға шықты. Елбасы Н. Назарбаевтың басшылығымен біз ең басты міндеттерді шештік – Қазақстанның шекарасын белгіледік, ядролық қарудан бас тарттық, экономиканың қалыптасуы өтті. Ұлттық қор құрылып, ұлттық валюта қабылданды. Осы жылдар ішінде біздің мемлекетіміз әлемдік қоғамдастықта тең құқылы әріптес ретінде орнықты», - дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов.

Өз кезегінде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева Тәуелсіздіктің басты құндылықтарын тілге тиек етті.

«Мемлекет үшін 30 жыл аз да, көп те емес. Осы уақыт ішінде біз өсіп, жетілдік, мемлекетіміздің даму бағытын анықтадық. Жыл сайын біздің еліміз өз позициясын нығайтып, дамушы елдер тобына кіруде. Халқымыздың ортақ күш-жігерінің арқасында біздің қоғамымыздағы бейбіт аспан, игілік, достық әрдайым Елбасы Н. Назарбаевтың қамқорлығында. Барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын!», - деді Роза Рымбаева.

«Жігіттер» тобының мүшесі Айдар Тұрғамбек Елбасының Қазақстанның дамуындағы рөлін атап өтті.

«Барша алматылықтарды Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үшін көп жұмыс істеді. Елбасының қасиетті Түркістан қаласына рухани астана мәртебесін беру жөніндегі бастамасы мен үшін ерекше орын алады. Мен өзім Түркістан облысынан келдім, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде бұл өлкеде көп нәрсе өзгерді және Елбасының жеке қатысуының арқасында көркейе түсті», - деді Айдар Тұрғамбек.


Соңғы жаңалықтар