Алматыда экологияны жақсарту мәселесі талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы Зулфухар Жолдасов экобелсенділермен және Алматы қаласының ұйымдарымен бірге мегополистің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасын іске асыруды талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға ҚР Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы Зулфухар Жолдасов Алматы ең лас қалалардың қатарында екенін атап өтті.

«Алматы бірнеше жыл бойы елдегі ең лас қалалардың тізімінде тұр. Оған жылу көздерінен шығатын қалдықтар және жолдағы көліктердің кептелісі себеп болды. 2019 жылғы есеп бойынша атмосфераға 114 мың ластайтын зат бөлінген, оның 34 пайызы жылу көздерінен, 52 пайызы көліктен және 14 пайызы жеке сектордан шыққан. ЖЭО-3 және ЖЭО -2-ні газға алмастыру керек», - деді ол.

Алдағы жылдары ЖЭО-2 газға ауыстыру жоспарланып отыр. Алғашқы газ қазандықтары 2023 жылы іске қосылады. Жоба құны 98 млрд теңге.

Бүгінгі күні «Самұрық-Энерго «АҚ « Алматы ЖЭО-2 модернизациясы» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде.Жылу электр орталығын газға ауыстыру шығарындыларды 83% төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ күкірт диоксиді сияқты улы заттар мүлдем жоғалады.

«Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша министрлік әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті шараларды ескере отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында экологиялық проблемаларды кешенді шешу бойынша Жол картасын әзірлеу үстінде», - деп түсіндірді спикер.


Соңғы жаңалықтар