Алматыда дәріні қымбатқа сатқан дәріхана мен фармацевтика компаниясының қызметкерлері ұсталды
Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті дәрілік заттардың жетіспеушілігін қолдан жасаған тұлғаларды анықтауға қатысты іс-шара жүргізіліп жатыр.
9 шілдеде көлеңкелі нарықта дәрілік заттарды көтеріңкі бағада сатумен айналысқан дәріхана мен фармацевтика компаниясының жұмысшылары ұсталды.
«Әлеуметтік қауіп-қатер дәрілік заттардың нақты жетіспеушілігі туындағанға дейін қоймаларда сақталуына байланысты болып отыр. Нарық жағдайға сәйкес тапшылық туындағанда бағалар өседі. Фармацевттер өз кезегінде керекті дәрі-дәрмек көлемін дәріхана желілеріне жеткізбей, оларды көлеңкелі нарықта 30-50 пайызға қымбаттатып сатады.
Іс-шара барысында жалпы сомасы 4,7 млн теңгені құраған 500 бума «Ингавирин», «Азитромицин», «Зомакс» дәрі-дәрмектері табылды», делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлімі (заңсыз кәсіпкерлік) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.