Алматыда дәрілік заттардың айналымына бақылау күшейтілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы аясында заңды есірткі айналымы саласында тексерулер басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаменті хабарлағандай, «Дәрмек» іс-шарасының басты мақсаты – дәріханаларда есірткі заттарын анықтау болып табылады.

«Тәжірибе көрсеткендей, қаланың кейбір дәріханаларынан құрамында есірткісі бар препараттарды сатып алу қиын емес. Ұйықтататын дәрі рецептсіз сатылады. Бағасы 1500 теңге ғана. Осылайша, «Айнабұлақ-2» ықшам ауданында біздің бөлімшенің қызметкерлері Жетісу аудандық полиция басқармасындағы әріптестерімен бірлесіп, 28 жастағы Ш. есімді азаматты ұстады. Одан бір орам ұйықтататын дәрі табылып, тәркіленді.

Ұсталған азаматтың айтуынша, препаратты ол аудандағы дәріханалардың бірінен сатып алған. Қаланың Алатау ауданында тағы бір адам ұсталды. 20 жастағы И. есімді азамат рецептсіз көз тамшыларын сатып алған. Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, ІІМ-нің бастамасымен күшті әсер ететін заттардың қатарына қосу арқылы кейбір дәрілік заттардың айналымына бақылау күшейтілді. Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылдың маусым айындағы 396 «Адамның өмірі мен денсаулығына зиянын тигізетін күшті әсер ететін заттардың тізімін анықтау туралы» қаулысында көрсетілген», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Сондай-ақ ол «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі ҚР ҚК-нің 303-бабында (Есірткі құралдарымен күресу қағидаларын бұзу) көзделген құқық бұзушылықтарды анықтау екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар