Алматыда BRT құрылысының бірінші кезеңі қыркүйекте аяқталады
«Биыл қыркүйекке дейін бірінші кезең бойынша жұмыс аяқталады. Бізде Жандосов көшесінде 1 шақырым жол бойында тұрған нысандарды сатып алып жатырмыз. Соңғы үй тәркіленіп алынды. Қазір бұл үйлер күреліп жатыр. Қыркүйектің соңына дейін жол жұмыстары аяқталып пайдалануға беріледі», - деді ол.
Оның айтуынша, қазір BRT екінші кезеңіне дайындық жүріп жатыр.
«Қазір техникалық шарттарды коммуналдық қызмет өкілдерімен келісіп жатырмыз. Одан кейін жобаға мемлекеттік сараптама жүргізіледі», - деді ол.
Алматыда BRT (жүрдек автобус желісінің) екінші кезеңі қашан басталатынын қоғамдық кеңес тыңдауында Ернұр Әбжахан айтқан болатын.
Жобаның бірінші кезеңі - ұзындығы 8,7 шақырым болатын маршрут учаскесі «Мұстафин - Сүлейменов- Жандосов – Тимирязев» көшелерімен Желтоқсан көшесіне дейін барады.
«BRT құрылысы қаражат бөлінген жағдайда 2021 жылдан басталады. Сараптама қорытындысы шыққан соң республикалық бюджетке сауал жіберуіміз де мүмкін. Келер жылы бастасақ, құрылыс жұмыстарына шамамен 22 ай кетеді. Құрылыс жұмыстары 1,5-2 жылға созылады», - деді қалалық Мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан.
Жоба құны шамамен 12 млрд доллар деп бағаланып отыр. BRT жобасының екінші кезеңі, яғни 13 шақырымдық учаскесі Желтоқсан көшесімен Төле би, Шығыс айналма жолы, Halyk Arena тұсындағы депоға дейін барады.