Алматыда бизнеске қаржылай қолдау көрсету үшін 12,2 млрд теңге бөлінді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Алматыдағы ШОБ-ты қолдау және өнеркәсіпті дамыту, «Almaty Business-2025» бағдарламасын жүзеге асыру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы үшін шағын және орта бизнестің өте маңызды екенін ескере отырып, қала әкімдігі осы секторға жан-жақты қолдау көрсетуде және экономиканы қалпына келтіру үшін дағдарысқа қарсы барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

«Almaty Business-2025» бағдарламасы бизнеспен жұмыс жасаудың бес негізгі институционалды бағытын қамтиды. Оның құрамына Qolday кәсіпкерлік орталығын, несие беру үшін жеке және микроқаржы институттарын құру, Алматы қаласы аумағында өндірістік парктерді ұйымдастыру, кейбір кәсіпкерлерге жеке әрі шағын өндірістерін ұйымдастырулары үшін жеңілдетілген несие ұсыну енеді.

Е. Оразалин пандемияға әрі жылдың күрделі болғандығына қарамастан несиелеуді кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, өндірісті, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыс орындарын сақтау шараларының Алматы экономикасына оң әсер еткенін атап өтті.

Мәселен, Qolday кәсіпкерлік орталығы 2020 жылы істерін жаңадан бастағандарға, жалпы кәсіпкерлерге 90 мыңға жуық кеңес берді. Бүгінгі күні жалпы сомасы 42 млрд теңгені құрайтын 52 жоба бойынша кеңес берілді. «Бір терезе» қағидаты бойынша 500-ден астам рұқсат құжаттары ұсынылды.

Орталықта ШОБ өкілдеріне өз бизнесін дамытуға қатысты түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардан рұқсат құжаттарын алу үшін тегін қолдау көрсетіледі, сонымен қатар түрлі қаржы институттарында қаражатты жеңілдікпен алуларына көмектеседі.

«Біз кемшіліктерді жойып, істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 5 миллионға дейінгі көлемде гранттар бердік. Олар грант алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде өз бизнестерін тегін жүргізе алады. Екінші кезеңде бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша әрі заңгерлік және бухгалтерлік кеңестер көрсетіледі. Егер екінші кезеңде өз бизнестерін дұрыс жүргізіп, оны кеңейтуді қаласа, онда олар біздің шағын қаржы институттарымызға жүгініп, 6%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуларына болады», — деді Е. Оразалин.

Оның айтуынша, бұл институттар Алматы қаласы әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша жергілікті бюджет қаржысы есебінен гранттар көлемін ұлғайту аясында қосымша экожүйемен қамтылады.

Жалпы, бизнеске қаржылай қолдау көрсетуге 12,2 млрд теңге бөлінді. Қаржыландыруды «Almaty Finance» несиелік ұйымы және «Алматы» МҚҰ жүзеге асырады. «Almaty Finance» 500 миллион теңгеге дейін ірі және орта жобаларға несие беруді қарастырады, «Алматы» шағын және микробизнеске бағытталған әрі мұнда несиенің ең жоғарғы мөлшері 70 млн теңге деңгейінде белгіленген.

Жалпы алғанда 40-тан астам жобаға несие берілді.

Айта кетерлігі, бұл институттар пандемия кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тұрақтандыру процестеріне де қатысты. Мысалы, осы қаржы институттары тарапынан бөлінген 12,2 млрд теңгенің 4 миллиарды Алматы қаласындағы ірі дистрибьютерлік компанияларға, медициналық заттар мен дәрі-дәрмектерді жеткізушілерге берілді. Осы орайда Тұрақтандыру қорын ұйымдастыру идеясы туындады. Тіпті, оны еліміздің өзге өңірлері де іліп әкетіп, ұтымды пайдалана бастады. Қаржының қалған бөлігі - 60%-ға жуығы өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларға жұмсалды.

Өндірістік парктерді ұйымдастыру тетігі де ойдағыдай жұмыс істей бастады. Қалалық әкімдік ірі бизнеске бос ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіруге немесе жаңа орын салуы үшін 6%-бен жеңілдетілген несие береді.


Соңғы жаңалықтар