Алматыда биылғы жылыту маусымында 549 мәрте өрт шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жылыту маусымында құтқарушылар 148 мыңнан астам жеке үйді есепке алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2021-2022 жылдардағы жылу беру кезеңіне дайындық аясында Алматының 148 346 жеке тұрғын үйі есепке алынды.

Оның ішінде 3 148 қатты отынмен жылытылатын және 30 395 қаңқалы-қамыс үйлер.

«Жыл сайын жылыту маусымы басталғанға дейін біз жеке сектор тұрғындары арасында кең ауқымды жұмыс жүргіземіз. Ақаулы электр жылыту аспаптары мен пешпен жылытуды пайдаланудың салдары туралы ескертеміз. Біз жеке үйлерді аралап шығамыз. Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударамыз. Биыл 1 326 әлеуметтік-осал отбасы және 1 876 адам асоциалды өмір салтын жүргізетін азаматтар бар», - деді С. Асаинов.

Жылыту маусымында әр отбасымен қауіпсіздік туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Тексеру қорытындысы бойынша 354 үйдің жағдайы - қанағаттанарлықсыз.

Олар туралы мәлімет атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін аудандық әкімдіктер мен әлеуметтік әл-ауқат басқармасына берілді.

Сонымен қатар, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары қалада «Көмек қол» акциясы өткенін, оның аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы өрт-профилактикалық көмек көрсетілгенін жеткізді.

Яғни, пештердің түтін мұржаларын тазалау, жарықтарды бітеу, түтін каналдары өтетін жерлердегі қабырғаларды ақтау, сондай-ақ, 28 улы газ датчигі орнатылған.

Барлығы 1 288 жеке тұрғын үй қатты отынмен жабдықталған.

Қазір әкімдіктердің өкілдерімен бірлесіп, жеке секторды аралау тұрақты түрде жүргізіледі.

Биыл 147 мыңнан астам тұрғын үйлерді аралау жүргізілді.

Өрт қауіпсіздігі шаралары, сондай-ақ, тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар табыс етілді.

«Аулаларды аралау барысында 1000-нан астам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу анықталды. Иелеріне анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар берілді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін біз үй иелерінен пеш жабдықтарына байыпты қарауды сұраймыз, маман пештің жағдайын тексеруі керек. Тек ол ғана оның жағдайын дұрыс бағалай алады», - деді С. Асаинов.

Айту керек, биыл Алматыда жылыту маусымында тұрғын үй секторында 549 өрт тіркелді, бұл - барлық өрттің 60 пайызы.

Материалдық шығын 16 млн теңгені құрады. 5 адам қаза тапты, 14 адам жарақат алды, екі адам уланып қаза тапты және 15 азамат көміртегі газынан уланды.

«Барлық өрттің себебі - өрт қауіпсіздігі тәртібін елемеу және азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігі, сондай-ақ, тұрғын үй қорының қатты тозуы. Пайдалану мерзімі 50 жылдан асатын үйлердегі пештің саны шамамен 25% құрайды», - деді С. Асаинов.

ТЖД басшысының орынбасары Алматыда пешпен жылытылатын үйлер саны азайып келе жатқанын, сонымен қатар, табиғи газдан улану арқылы өлім қаупі артып келе жатқанын айтты.

Биыл 31 адам табиғи газдан уланды, оның 16-сы - бала.


Соңғы жаңалықтар