Алматыда биылғы оқу жылында 2 326 бала коронавирус жұқтырған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - COVID-19-дың алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында Алматы мектептерінде санитариялық-эпидемиялық іс-шара кешені өткізілді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматыда 75 мектеп бір ауысымдық, 194 мектеп екі ауысымдық, 1 мектеп – үш ауысымдық режимде жұмыс істейді.

«Қалада 1 қыркүйектен бастап офлайн форматта 287 265 оқушы оқиды, оның ішінде КВИ инфекциясы - 1287 жағдай тіркелген. Онлайн режимде 19 128 оқушы оқиды, оның ішінде 1039 КВИ жағдайы, барлығы – 2326 жағдай тіркелген. Офлайн форматта оқитын оқушылар арасында КВИ жұқтыру саны онлайн режимде оқитын оқушылар арасында жұқтыру жағдайынан 12 есе төмен, өйткені мектептерде шектеу шаралары орнатылған, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуына бақылау жүргізіледі», -дейді ол.

Сонымен қатар ол мектеп оқушыларының арасында індет қарқыны баяулағанын айтты.

«Жалпы, оқушылар арасында КВИ дертін жұқтырудың төмендеуі байқалады, егер тамыз-қыркүйек айларында тәулігіне КВИ жұқтырудың 100-ден астам жағдайы тіркелсе, қазіргі уақытта КВИ 38-46 жағдайға дейін төмендеді», -дейді Алматы әкімінің орынбасары.

COVID-19-дың алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында мектептерде мынадай санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар жүргізілді:

- бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған ғимараттарға жеке кіру есіктері бөлінген;

- әлеуметтік қашықтық белгілері жаңартылды, мектеп кіреберісінде қызметкерлер мен өзге де келушілерді тіркеу үшін «Ashyq» қосымшасының QR-кодтары бар (100%);

- зертханалық, практикалық сабақтарды қоспағанда, кабинеттік оқыту жүйесі жойылды;

- мектептер жуу және дезинфекциялау құралдарымен, санитайзерлермен қамтамасыз етілген, жалпы пайдалану орындарында (асханалар, дәліздер, спорт залдары)ауаны зарарсыздандыруға арналған рециркуляторлар орнатылады;

- әр ауысым алдында оқушылар мен қызметкерлердің күнделікті сүзгісін өткізу ұйымдастырылған;

- мектеп қызметкерлеріне толық екпе жасалды

«Эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуына тұрақты бақылау жүргізу үшін мектептерде білім басқармасының өкілдерімен бірлесіп мониторинг тобы жұмыс істейді. Мониторингілік топтар 21 мектепті тексерді, Әуезов, Алатау және Бостандық аудандарының 5 мектебінде шектеу іс-шараларының бұзылуы анықталды, бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді, осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді Ержан Бабақұмаров.

Сонымен қатар, ол қалада вакциналауға жататын мұғалімдер 100% егілгенін атап өтті.

Алматы әкімі орынбасарының айтуынша, жоғары оқу орындарында да осындай жұмыстар жүргізілуде. Қалада барлығы 37 ЖОО бар. 2021 жылғы 1-6 қыркүйек аралығында Алматыда онлайн оқыту режимінде ЖОО студенттері арасында КВИ-дің 149 жағдайы тіркелді.

Вакцинамен оқытушыларды қамту жалпы санынан 80% (17 496 адам), студенттерді 50% (92 433 студент) құрайды. Жұмыс жалғасуда.

Жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жатақханалары мен оқу корпустарында Ashyq жүйесі және термометрия арқылы кіру жүзеге асқан, дезинфекциялық режим күшейтілді, санитайзерлер мен рециркуляторлар орнатылған, медициналық бақылау күшейтілді.


Соңғы жаңалықтар