Алматыда балалардың үйірмеге тегін қатысуы үшін 4,5 млрд теңге бөлінеді – қала әкімі

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда балалардың спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуы үшін қосымша 4,5 млрд. теңге бөлінбек. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәслихат сессиясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімінің мәліметінше, Алматыда бүгінде 44 мыңнан астам бала 594 спорт секциясына, 56 мың бала 1 179 шығармашылық үйірмеге тегін қатысады.

«Бұл Президентіміздің бастамасы. Оны алматылықтар жақсы қабылдап отыр. Себебі, түсіп жатқан өтініштер легі өте көп. Бұл 2,6 млрд. теңге сомасына кредиттік берешектің қалыптасуына себеп болды (1,7 млрд. тг. – спорт, 900 млн. тг. - мәдениет). Осыған байланысты, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында біз қосымша 4,5 млрд. теңге қарастырып отырмыз. Оның 3 млрд. теңгесі спорт секцияларына және 1,5 млрд. теңгесі шығармашылық үйірмелерге бөлінеді», - деді Ерболат Досаев.

Алматы әкімі сондай-ақ жазғы мектеп демалысын ескере отырып, биыл 1 қыркүйекке дейін Алматы қаласы өзіне алған барлық міндеттемелерді орындайтынын мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар