Алматыда «Бақытты отбасы» орталығы арқылы мыңға жуық жұмыс орны ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Бақытты отбасы» орталығы арқылы мыңға жуық жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бақытты отбасы» орталығы базасында «ISKER ANA» бағдарламасы сәтті іске асырылуда.

Бүгінгі таңда «ISKER ANA» бағдарламасымен көпбалалы аналарға тіркеу, заңгерлік және психологиялық көмектен бастап кәсіпкерлік негіздері бойынша курстарға, бизнес-жоспар құруға, өз бизнесін ашуға, грант немесе микрокредит алуға дейін жұмыс ұсынылады.

«Биылғы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды жұмысқа орналастырып, өз бизнесін дамыту мақсатында демеушілер арқылы Әуезов ауданында тоқыма және азық-түлік өнімдерін қолдан сату үшін 4 сауда орны, атап айтқанда, «Тигрохауд», «Арыстан» сауда үйлерінде, «Сары-Арқа» және «Арыстан» базарларында азық-түлік орны ашылды. Алмалы ауданында «Әлеуметтік тігін цехы» (Алматы қаласы, Жібек жолы көшесі, 135) өз жұмысын бастады»,- дейді Алматы қалалық «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Зульфия Байсақова.

Сонымен қатар, Түрксіб ауданында көпбалалы аналардың қолдан жасаған тауарларын сататын «Іскер Ана» сауда үйі (Алматы қаласы, Сүйінбай даңғылы, 263) ашылды. Сауда үйінде заманауи стильдегі ұлттық костюмдер, құрақ-көрпе, ұлттық нақыштағы әшекейлер, әйелдерге арналған киімдер сатылымға қойылды, сондай-ақ киімдерді өңдеу және жөндеу бойынша қызмет көрсету көзделген.

Зүлфия Байсақова «Бақытты отбасы» орталығының арқасында мыңға жуық жұмыс орны ашылғанын атап өтті.



Соңғы жаңалықтар