Алматыда автотұрақтың ақысы қымбаттауы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ақылы автотұрақ бағасы қаншаға өсуі мүмкін? Ол туралы «A-Паркинг» компаниясының өкілдері айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тарифтерді қаланың мобильділік басқармасы реттейді. Егер сараланған тариф туралы келісім болса, онда біз олардың ұсынысын орындаймыз. Ал егер болмаса, онда бұрынғы режимде жұмыс істейміз. Сараланған тариф болса, ол кезең-кезеңімен жүруі керек деп кеңес бердік. Егер баға 50 теңгеге көтерілсе, онда - сағатына 150 теңге болады», - деді компания директоры Марат Пірінбеков брифинг барысында.

Оның айтуынша, ақылы тұрақтың арқасында бос орындар көбейеді. Ал тариф автотұрақтағы үлкен жүктемені азайту мақсатында көтеріледі.

Өз кезегінде компанияның қаржы директоры Мұхтар Базарбаев компания ешқандай соманы ұсынбайтынын айтты.

«Шешімді уәкілетті орган - қалалық мобильділік басқармасы қабылдайды. Қазіргі тариф - 100 теңге 2011 жылы бекітілген болатын», - деді ол.

Марат Пірінбековтың түсіндіруінше, автокөлік иелері бір сағат үшін төлеген 100 теңгенің 58 теңгесі - автотұрақтың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға жұмсалады (жабдықтардың тозуы, IT қызметтері, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сатып алу), 27 теңге - мемлекетке салық пен міндетті төлемдердің үлесіне тиесілі,16 теңге - еңбекақыға, 10 теңге - әкімшілік шығындар. Төлемдер мен инкассация үшін комиссия - 5 теңге.

Бүгінгі таңда компания әр тұрақ орнын пайдалану үшін 100 теңгеден 16 теңгеге шығынға батты. Алайда компанияның бизнес-жоспары 10 жылға есептелген, ал инвестицияның қайтарымы жобаның 6-шы жылынан бастап қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта «A-Паркинг» жүйесі бойынша қалада 11 683 автотұрақ бар. Оның 6109-ы жол бойындағы автотұрақ (олар сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін ақылы). Тәулік бойы ақылы 5574 көлік тұрағы жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар