Алматыда аудандардың инфрақұрылымын өзгертуде тұрғындар пікірі ескеріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Аудан әкімі Бақытжан Ақжаров бұған дейінгі кездесулерде айтылған және әлеуметтік желілерде жарияланған мәселелер мен өтініштердің қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады.

Аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Мысалы, 25 мың жеке үйдің 24 мыңға жуығы газбен қамтамасыз етілді. Қалған 929 үйге магистральды желі тартылды. Бүгінде 625 үйге ішкі жүйелерді қосу және монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қосылу мәселесі де өзектілігін жоймай тұр. 20 мыңға жуық үйдің су бұру жүйесі болмаса, 3 мыңнан астам үй су жүйесіне қосылмаған. Осы мәселені шешу бағытындағы «Қайрат» пен «Әлмерек» ықшамаудандарында жүріп жатқан инженерлік желілердің құрылысы аяқталуға жақын, ал «Нұршашқан» ауданында жалғасуда. Бұл жұмыстар ауданның 10 мыңға жуық тұрғынын қамтыған 2400 үйді орталық коммуникациямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қалған үйлер бойынша құжаттар дайындалып жатыр.

Жиында сөз алған «Әлмерек», «Қайрат», «Нұршашқан» ықшамаудандары мен «Авиатор» бау-бақша қоғамының тұрғындары жарықтың тарифі қымбаттағанын айтып, оның жиі өшетініне шағымданды. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша иесіз жатқан желілерді «АЖК» АҚ-ның балансына беру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар 2020 жылдың шілде айында аяқталады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін ұзындығы 134 шақырым болатын 254 көшенің сыртқы жарықтандыру желілері жүргізіледі.

Бұдан өзге Майлин, Б. Хмельницкий көшесі, Сүйінбай мен Рысқұлов, Сейфуллин даңғылдарының бойында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2 мыңнан астам үнемді жаңа жарық нүктелері орнатылды. Биыл Қапшағай көпірі мен Жансүгіров көшесіндегі шамдарды жаңғырту жоспарланған. Аудан аумағында 569 аула бар, оның 400 ауласы жаңғыртылды. 2020 жылы тағы 103 ауланы абаттандыру жоспарлануда. Қалған 66 аула жөндеуге жарамсыз. Себебі 26-сы жаңа ықшамаудандар болса, 40-ы «ескі тұрғын үй» санатына жатқызылған. Аудан әкімі Бақытжан Ақжаровтың мәліметінше, биыл 36 көшеде (27 км астам) жолдарды орташа жөндеу және 17 көшеде (12 км) тротуарлар салу жоспарланған. Бұған дейін ұзындығы 5,5 шақырымнан астам 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Кездесуде Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев мектептер, үйлер және әлеуметтік нысандардың жанында жаяу жүргіншілер жолының болмауына шағымданған тұрғындардың барлық ұсыныстарын жинақтауды тапсырды.

«Аудандарда бағдаршамдарды орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру, спорт алаңдары мен тротуарлар салу бойынша жүргізіліп жатқан барлық жұмыстарды тұрғындардың тілектерін ескере отырып түзету қажет. Тұрғындар ненің жақсы және ненің қажет екенін жақсы біледі», – деді Бақытжан Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар