Алматыда әскери техниканы жөндейтін орталық іске қосылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы қару-жарақ пен әскери-техниканы сақтау және жөндеу базасында жөндеу цехы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл – Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы оқ атуды басқару жүйесін, атыс құралдарын, күш қондырғысын, жүріс бөлігін және арнайы электр жабдықтарын қоса алғанда, броньды танк техникасы мен зымыран-артиллериялық қару-жараққа кешенді жөндеу жүргізе алатын алғашқы цех. Оны іске асыратын қажетті құрылғылары мен өндірістік қуаты бар мамандандырылған учаскелері және төрт пост бар», делінген хабарламада.

Цехтың құрылымын жобалау және құру полковник Асылбек Сатыбалдиновтың басшылығымен Тыл және қару-жарақ бастығы басқармасының бастамасымен және тікелей қатысуымен орындалған.

Аталған объектінің аумағы 900 шаршы метр. Ол Ресей, Германия және Қытайдан әкелінген соңғы үлгідегі диагностикалық, көтергіш, дәнекерлеу, монтаждау жабдықтарымен жабдықталған.

Қарулы күштердің жоғары білікті мамандары – әскери бөлімдерде де, әскери зауыттарда да жан-жақты жұмыс тәжірибесі бар әскери қызметшілер мен азаматтық персонал жөндеу жұмыстарын атқарады.

«Штаттық әскери бөлімшелердің күшімен жөндеу жүргізу ең алдымен жоғары жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Техника қысқа мерзімде жедел түрде қалпына келтіріледі. Мысалы, танкті жөндеу жұмысының күрделі болуына байланысты біздің мамандар оны 10-15 күнде жөндей алады. Сондай-ақ, бұл бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдейді. Ал заңнамаға енгізілген өзгерістер қабылданып, Қорғаныс министрлігі қосалқы бөлшектер мен жиынтықтарды өз бетінше сатып алады. Бұл біздің жұмысымыздың жылдамдатады», - деп түсіндірді Тыл және қару-жарақ бастығы Асылбек Сатыбалдинов.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев цехты аралау барысында басқа өңірлерде де осындай «қызмет көрсету орталықтарын» ашу мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. Бұл әскери техниканың жауынгерлік әзірлігін қажетті деңгейде ұстауды қамтамасыз етеді, қару-жарақты жөндейтін орындарға тасымалдауға кететін уақыт пен шығынды азайтады.

Сондай-ақ қорғаныс ведомствосының басшысы Тыл және қару-жарақ басқармасының соңғы жылы жүргізген ауқымды жұмысын айтты. Атап айтқанда, әскери қызметшілер үшін азық-түлік үлесінің құнын арттыру мәселесі шешілді. Әскери нысанды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұзақ жылдар ішінде алғаш рет әскери мүлікке толық түгендеу жүргізілді. Пайдаланылмайтын әскери мүлік одан түскен қаражатты өткізу, сондай-ақ оны ел бюджетіне жіберу үшін уәкілетті органға беріледі.




Соңғы жаңалықтар