Алматыда 9 мыңнан астам жасөспірім Pfizer вакцинасын алды
«28 қараша күні 954 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 592, II компонентін – 362 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 28 қараша аралығында қалада 1 022 651 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 977 539 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 122 120 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 12 456 адам салдырды. Оның ішінде 738 жүкті әйел, 2 668 бала емізетін ана және 9 050 жасөспірім бар.
Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.