Алматыда 4 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн-байланыс режимінде қалалық үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге қалалық қоғамдық даму, әлеуметтік әл-ауқат, қоғамдық денсаулық, білім, спорт, мәдениет басқармаларының басшылары да қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, белсенді азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың рөлі маңызды. Біздің бұл мәжілісіміздің мақсаты – қазіргі шешімін күткен мәселелерді талқылау, бұған дейін қол жеткізген жетістіктеріміз қандай, ал карантинге байланысты қай тұста тежеліп қалдық, қай мәселені жедел шешуіміз қажет, соларды анықтау және жыл соңына дейінгі бірлескен жоспарымызды нақтылау», – деп атап өтті Е.Бабақұмаров.

Ол сондай-ақ, ҮЕҰ өкілдеріне бүгінгі пандемия жағдайында халықты қолдау тұрғысында атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Кездесу барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету тетіктері, рухани дамыту тұрғысындағы мәселелерді нығайту, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау жүйелері туралы сөз қозғалды.

Бүгінде Алматыда 4 мыңнан астам ҮЕҰ (республика бойынша жалпы санының 20%-ы) тіркелген.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Диас Есдәулетов ағымдағы жылы ҮЕҰ-мен бірлесіп жастар саясаты, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік, әлеуметтік әл-ауқат, жасыл экономика және т.б. салаларда 65 әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарланғанын баяндады.

ҮЕҰ-мен бірлескен жобалар негізінен жастардың бастамаларына қолдау көрсетуге, тарихи отанына оралған қандас бауырлармен жұмыс істеуге, түзету мекемелерінен оралған адамдарды өмірге қайта бейімдеуге, әйелдер көшбасшылығы мектептерін дамытуға және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жетібаева да ҮЕҰ-мен ынтымақтастық туралы сөз қозғады

Оның сөзінше, үкіметтік емес ұйымдармен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша келісім-шарттар жасалған. Мұндай жобалар арасында «Инватакси», жеке әлеуметтік көмекшінің және ымдау тілі қызметтері бар. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі жалғасуда.

Өз кезегінде ҮЕҰ өкілдері құқық қорғау, медиа салаларындағы жаңа жобалар бойынша, қосымша қажеттілігі бар тұлғаларды қолдау, сондай-ақ, туберкулез, қант диабеті, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы ауруларының алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау және т.б. әлеуметтік тақырыптар тұрғысындағы ұсыныстарын айтты.

Кездесуді түйіндеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бұл жүздесудің маңыздылығын атап өтіп, айтылған ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қалалық басқармаларға барлық ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды күшейту және жекелеген бағыттар бойынша салалық кездесулер өткізу жүктелді.


Соңғы жаңалықтар