Алматыда 2400 үй орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Түрксіб ауданында 2400 үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында аудан әкімі Бақытжан Ақжаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен мегаполисте орталықтандырылған су, электр, газ жүйесіне қосылмаған үйлердің мәселесін шешу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

«Ауданда 3000 жеке меншік үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Барлығының жобалық-сметалық құжаттары бар. Биыл «Әлмерек» және «Қайрат» ықшамуданы бойынша жұмыстар аяқталады. Бұл жобалар іске асқан соң 3000 үйдің 2400-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылады», - дейді аудан әкімі.

Аудан әкімі қалған 600-700 үй бойынша биыл қажетті құжаттар дайындалатынын атап өтті. Келесі жылы осы үйлерге су құбыры тартылады.

Бұдан бөлек, «Нижний Пятилетка» елді мекенінде сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің құрылысы бойынша ЖСҚ әзірленді. 4 мың үйді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Жоспар бойынша 2020 жылы — «Жас қанат» шағын ауданында 530 үй және Закарпатская көшесінде — 70 үй, «Алматы-1» вокзалының қазандығында — 76 үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Жобаларды іске асыру аясында 10 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ету көзделген»,– деді ол.


Соңғы жаңалықтар