Алматыда 1 шілдеден бастап өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент басшысы Сауықбек Қапаев онлайн брифингте «Техникалық реттеу туралы» заңның жаңа редакциясы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауықбек Қапаевтың айтуынша, субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу жаңашылдық боламақ. Енді өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі.

Бұл үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.

«Негізгі міндет - ҚР нарығын қауіпсіз емес және сапасыз өнімнен қорғайтын заң қабылдау болды. Сондай-ақ, бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде оларға артық жүктеме көрсетпей, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін енгізу», - деп түсіндірді Сауықбек Қапаев.

Сонымен қатар, ол былтыр 83 тексеру жүргізілгенін атап өтті.

Оның ішінде 50 жағдайда техникалық реттеу, аккредиттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталды, бұл тексерулердің жалпы санының 60% құрады.

Мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша тәртіп бұзушыларға жалпы сомасы 18 567 642 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді.

«Тексеру нәтижесі бойынша 5087 сәйкестік сертификаты, 4231 сәйкестік туралы декларация, 1562 тексеру туралы сертификаттар қайтарылып алынды және қолданысы тоқтатылды, барлығы - 21254 өлшем құралдары, оның ішінде қолдануға жарамсыз-589 бірлік, сондай-ақ өлшем құралдарын 1 салыстырып тексерушінің сертификаты, 5 927 850 теңге сомасына әкімшілік айыппұл сала отырып, 6 ай мерзімге сарапшы – аудиторлардың 23 аттестаты тоқтатылды»,-деді спикер.

Оның айтуынша, бақылау және қадағалау субъектісіне бармай-ақ, профилактикалық бақылау және қадағалау ретінде тексерудің жаңа түрімен толықтырылды.

«Егер өткізілген зертханалық сынақтардың нәтижелері бойынша өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіні расталса және қауіпсіз емес деп танылса ғана өнім алынады», - деп нақтылады ол.

Еске салайық, 2020 жылдың 30 желтоқсанында осы заңның жаңа редакциясы қабылданды.

Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді.


Соңғы жаңалықтар