Алматы тауларында жоғалып кеткен турист құтқарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тауларында жоғалып кеткен турист құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 мамыр күні сағат 23:11-де республикалық жедел-құтқару жасағына Аю-Сай тауының шатқалындағы сарқырама аймағында ер адамның жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түсті.

«Іздестіру-құтқару жұмысына РЖҚЖ жедел тобы жолға шықты. Аю-Сай шатқалынын жоғары жағынан құтқарушылар туристі тауып алды. Ол сарқырамалардың бірінің үстіндегі қырқада тұр екен. РЖҚЖ жедел тобы жас жігітке әртүрлі бағыттан жақындауға тырысты. Алайда оның қасына бару мүмкін болмады. Себебі өзендерде су көтерілгендіктен, әр өткелде арнайы жабдықты қолдануға тура келді. Оның үстіне тайғақ тастар, тік жерлер, тәуліктің қараңғы уақыты қосымша қиындық туғызды» делінген хабарламада.

Кейін топ жетекшісі жедел автокөлікпен космостанцияға (теңіз деңгейінен 3200 метр жоғары) көтеріліп, зардап шегушінің бағыты бойынша төмен түсуге шешім қабылдаған. Мұндай жағдайда алға жылжу өте қауіпті.

Жерге жарық түсе бастаған кезде РЖҚЖ құтқарушылары зардап шегушіні көзбен көріп, байланыс орнатты.

Құтқару операциясы барысында турист ұялы телефон және РЖҚЖ кезекші бөлімі арқылы хабарласып отырды.

Ер адамға жақындағаннан кейін құтқарушылар ең қауіпсіз орынды таңдап, альпинистік құрал-жабдықтың көмегімен оны төменге түсірді.

«Турист қатты қорқып қалғанымен жалпы жағдайы жақсы. РЖҚЖ құтқарушылары жас жігітті қаладағы автобус аялдамасына дейін жеткізіп салды» деп атап өтті ведомствадан.


Соңғы жаңалықтар