Алматы тауларында жоғалып кеткен қыздың денесі табылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Осыдан жеті ай бұрын Үлкен Алматы көлінің тұсында із-түзсіз кеткен Әсел Панарғалиеваның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ақпаратты қалалық ТЖД баспасөз қызметі растады.

Қыздың денесі Үлкен Алматы көлінің қасындағы Космостансадан табылған. Қазір полиция қыздың неден қайтыс болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындады.

Айта кету керек, 26 жастағы қыздың жоғалғаны 10 қараша күні белгілі болды. Ол тау туризмімен айналысып жүрген. 9 қараша сағат 13:00 шамасында ол Үлкен Алматы (Жосалы) көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге жариялаған. Одан кейін байланысқа шықпаған. Қыздың 9 қараша күні Космостанса ауданында таудан түсіп келе жатқанын адамдар көрген.

Іздестіру жұмыстары ешқандай нәтиже бермеген соң Әсел Панарғалиеваның туыстары ол туралы кез келген ақпаратқа ақшалай сыйақы берілетінін жариялады.

Еске салайық, былтыр 19 тамызда осыған ұқсас қайғылы жағдай болған еді. Қазақстандық 3 альпинист Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Қырғызстандағы Тянь-Шань тауында із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев парақшасында жазды.

23 тамызда ауа райының қолайсыздығы мен көшкін қаупіне байланысты құтқару командасы альпинистерді іздеуді тоқтатқан болатын.


Соңғы жаңалықтар