Алматы полициясы Astex.kz пен ACD Technology қаржы пирамидасынан зардап шеккендерді іздеуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы «Astex.kz» ЖШС мен «ACD Technology» ЖШС-ы қаржы пирамидасынан зардап шеккендерді іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2021 жылы 27 сәуірде бір топ адам Алматы қалалық полиция департаментіне қаржылық пирамида құру және басқару фактісі бойынша «Astex.kz» және «ACD Technology» ЖШС басшыларына қатысты ұжымдық өтінішпен жүгінді (ҚР ҚК-нің 217 бабы).

«Сотқа дейінгі тергеу барысында 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС-нaң лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет делінген қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы шарт жасасқаны анықталды. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әр салымшыға аударылған соманың 20% төлеуі керек болатын. Сонымен қатар, «ASTEX.KZ» ЖШС-на 160 салымшының 1 млрд теңгеге жуық қаражаты басқа компаниядан «MUDARABAN CAPITAL» ЖШС арқылы түскені анықталды. Сондай-ақ, «ASTEX.KZ» ЖШС мен «ACD technology» ЖШС-на басқа да компаниялар арқылы салымшылардан ақша аударылғаны белгілі болды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Қаржы пирамидасын құру және басқаруды ұйымдастырған, бұрын Қылмыстық кодекстің 311-бабы бойынша сотталған, 39 жастағы К. және 47 жастағы М. күдікті болып отыр. Оларды ұстауға қатысты жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сот «ASTEX.KZ» ЖШС-мен «ACD technology» ЖШС заңды мекенжайларында тінту жүргізу туралы қаулы шығарды.

«Жоғарыда аталған ЖШС басшыларының қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен басқа тұлғаларды анықтау үшін азаматтар процесуальдық тұрғыдан шағымдану керек. Осы мақсатта біз зардап шеккендердің көмек сұрап хабарласа алатын телефондарды хабарлаймыз: 8-778-375-16-00 және 8-775-594-42-00», – деді Рүстем Әбдрахманов.


Соңғы жаңалықтар