Алматы-Өскемен тасжолындағы құбырлы өткелді шайып кету дерегіне қатысты қызметтік тексеру бастады
2022 жылғы 23 мамыр 14:06

Алматы-Өскемен тасжолындағы құбырлы өткелді шайып кету дерегіне қатысты қызметтік тексеру бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы-Өскемен бағытындағы құбырлы өткелді шайып кету оқиғасының мән-жайын егжей-тегжейлі анықтау үшін қызметтік тексеруді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі болғандай, кең арнаға ең төменгі диаметрі бар суөткізгіш құбыр жобаланған. Бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі азаматтар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

«Аталған учаскенің құрылысы мен жобалауға келісім-шарт 2017 жылы жасалған. Диаметрі 1,5 метр болатын құбыр құрылысының техникалық шешімін Алматы қаласындағы «Каздорпроект» ЖШС әзірлеп, «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның «Құрылыс жөніндегі дирекциясы» филиалы, «ГК Инжиниринг» ЖШС техникалық қадағалау қызметі, CITIC Construction ұсынған мердігер тарапынан келісілген. Сондай-ақ, осындай жағдайдың алдын алу мақсатында республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелеріндегі қалған құбырлар мен мал өткелдеріне тексеріс жүргізілуде», - деп жазды ведомстводан.

Қазіргі уақытта құбырлы өткелді су шайып кеткен учаскеде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Тәулік бойы патруль ұйымдастырылды. Бұл аймақ жабық күйінде тұр.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 16 арнайы техника мен 20-ға жуық жол жұмысшы жұмылдырылған.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 22 мамырда қатты жауған жаңбырдан кейін ағынды су жаңадан салынып жатқан Талдықорған-Үшарал жолын шайып кеткен болатын. Іле-шала Алматы-Өскемен тас жолының 382-410 шақырымын су шайып кетуге байланысты жабылды.


Jańalyqtar

MURAǴAT