Алматы облысының бюджеті 410,9 млрд. теңгеге жетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық мәслихаттың кезектен тыс IX сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібі бойынша 2016-2018 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Негізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Н.Сатыбалдина жасап, бірнеше функционалдық топ бойынша көзделген шығындар туралы хабарлады.

Баяндамашының айтуынша, заңға сәйкес республикалық бюджеттен қосымша 9,5 млрд. теңге сомасында нысаналы ағымдағы трансферттер бөлінген. Жалпы облыс бюджетінің параметрлері 7,8 млрд. теңгеге көбейген.

Балқаш, Панфилов, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласы маңындағы өзендерде жүргізілетін төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына жалпы сомасы 235 млн. теңге, білім саласында оқушыларды тасымалдау, мектептер мен балабақшалардың, Оқушылар сарайының материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру нысандарына жөндеу жүргізу, сұйық отын сатып алу және басқа да жұмыстарына жергілікті бюджеттен 1 070,5 млн. теңге, республикалық бюджеттен 1104, 8 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік салаларының да бірқатар шараларына көлемді қаржы жұмсалмақ.

Ауыл шаруашылығында басқа мәселелерді айтпағанның өзінде Көксу қант зауытына дейін қант қызылшасын тасымалдауға - 175,6 млн. теңге жергілікті бюджеттен көзделіп отыр.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жолдарды жөндеу мен елді мекендерді абаттандыру шараларын аяқтауға - 833,3 млн. теңге бөлінеді.

Н. Сатыбалдина басқа да функционалдық топтар бойынша көзделген шығындар туралы толық баяндап, депутаттарды облыстық мәслихаттың 2016 жылғы облыс бюджетіне өзгерістер енгізу туралы шешімінің жобасын түсіндіріп берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:
- «Нұрлы жол» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланып, қаржының игерілмей қалуына жол бермеуге тиіспіз. Әзірге алға қойған жоспарларымыз ретімен орындалып келеді. Жыл соңына дейін қарқынды жұмыс істеуіміз керек.

Осында отырған аудан, қала әкімдерінің ең бірінші жұмысы - Тәуелсіздіктің 25 жылдығын лайықты атқару. Осы мерейлі дата аясында жаңа өнеркәсіп орындарын ашу, жаңа балабақшалар ашу, су құбырларын іске қосу сияқты ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Дегенмен күнтізбелік шаралармен шектелмей, одан тыс тағы қандай ауыз толтырып айтатын іс-шаралар бар ойларыңызда, ұсыныңыздар, - деді.

Жалпы, облыс бюджеті қазір 410,9 млрд. теңгені құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар