Алматы облысындағы санитарлық бекетте мас жүргізуші ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы санитарлық бекетте мас күйдегі жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 сәуір күні түнгі 01:00 шамасында Ескелді ауданының тәртіп сақшылары ТЖ тәртібіне сай қойылған санитарлық бекеттен аудан орталығына қарай өтуге тырысқан «Volkswagen Passat» көлігін тоқтатқан. Әрекеті күмән тудырған көлік жүргізушісін медициналық тексеру барысында оның ішімдік ішкені анықталды.

«Бұл сорақы жағдай осы бекет жұмысын бастағанда-ақ тіркелді. Тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері санитарлық қызметті жүргізудің алғашқы сағатында жол жүру ережесін өрескел бұзушы ұсталды. Темір тұлпар иесінің құжаттарын тексеру барысында спирттің иісі мүңкіп, күдік тудырған. Бекеттегі медицина қызметкерлері оқиға орнында оның масаң күйде екенін дәлелдеді»,- деді Ескелді ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Ернар Ширбаев.

Көлік иесі медициналық куәландырудан өтіп, нәтижесінде оның орта дәрежеде мас екені анықталды. Ер адам бірден медициналық айықтырғышқа жеткізілді. Қолданыстағы ӘҚбК 608-бабына сәйкес 1986 жылы туған азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды. Заңға қайшы әрекеті үшін оған 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға жүргізу құқығынан айыру түріндегі қатаң жаза қолданылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар