Алматы облысында жоғалған жолаушылар аман-есен табылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Алтын-Емел асуында 3 жолаушы әйелді 10 полиция қызметкері мен 10 құтқарушы іздеген. Бірақ  12 сағаттық іздеуден соң ғана іздестіріп жатқан адамдардың дін-аман екені анықталған, -  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек-Көктал тас жолының 65 шақырымындағы Алтын-Емел асуында ауа райының қолайсыздығы салдарынан көліктері тоқтап қалған үш жолаушы өз беттерінше далаға  шығып кеткен. Үш әйел адам  24 қараша кешкі сағат 21:00-дер шамасында көліктен шығып, жол-жөнекей машинаға  мініп, Басши ауылына аман-есен жеткендері анықталды. Ал 3 жолаушыны 20 адам бүгін таңертеңгі сағат 8:30-ға дейін іздестірген.  Қатты дауылдың салдарынан адасып кетуі мүмкін  деген үш азаматша аман есен табылды», - деді Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.

Сондай-ақ, аталған ведомство өкілдері өткен тәулікте жол бойында қалған 9 жолаушы аман-есен құтқарылғанын жеткізді. Оқиға Қапал-Арасан тас жолының 20-шы  шақырымында болған. 24 қараша күні түнгі сағат 21:00-дер шамасында қар құрсауында қалған екі көліктің жолаушыларын құтқарушылар эвакуациялап, Қапал-Арасан ауылына жеткізген. 

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің  мәліметінше, қазіргі таңда Алматы облысында барлық автокөліктер үшін жолдар ашық.

Соңғы жаңалықтар