Алматы облысында заңсыз ауланған балық тиеген көлік ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ұсталған көліктің жүксалғышынан тәртіп сақшылары 730 кг балық тәркіледі,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер Ескелді ауданының аумағында «Фольксваген Транспортер» шағын автобусын тоқтатқан. Өз көлігіндегі 700 килограмман асатын балыққа қатысты жүргізуші ешқандай тиісті құжаттар көрсете алмаған.

Ірі көлемде балықты заңсыз тасымалдаумен айналысқан азаматтардың ақпаратына сәйкес, олар балықты Текелі қаласында сату мақсатында әкеле жатқан. Көліктегі балықтар тәркіленіп, тиісті қабылдау орындарына өткізілді. Балықтан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылатынын атап өту қажет. Сонымен қатар, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша мемлекетке келтірілген материалдық шығын анықталуда. Тиісті тексерулерден кейін нақты процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, Алматы облысы аумағында жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 257 дерегі тіркелген. Нәтижесінде 3 тоннаға жуық балық тәркіленген. Браконьерлікпен айналысқан тұлғалардан 3 қайық пен 121 қылмыс жасау құралы, оның ішінде 30 мылтық табылып, тәркіленген.


Соңғы жаңалықтар