Алматы облысында туысын өлтіріп, жолдың бойына тастап кеткен күдікті ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері Нұр-Сұлтан қаласы тұрғынының өліміне қатысты қылмысты ашты, деп хабарлайды, ҚазАқпарат тілшісі.

Талғар ауданының тұрғыны жамағайынын өлтіріп, «Алатау-Тұздыбастау» тас жолының маңына қалдырып кеткен. Оқиға 23 қараша күні Талғар ауданында тіркелген. Жергілікті тұрғындар 31 жастағы азаматтың азаптап өлтірілген мүрдесін жолдың бойынан тауып алған.

Тәртіп сақшылары адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, жедел іздестіру шараларына кіріседі. «Адам өлтірді» деген күдікпен Талғар ауданының 43 жастағы тұрғынын ұстайды. Ол мерт болған жігіттің алыс туысы болып шықты.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Айғақ зат ретінде пышақ пен темір құбыр тәркіленіп отыр.

«Тергеу барысында мұндай жауыздыққа не түрткі болғанын полиция анықтай жатар, әзірше іс облыстық полиция департаментінің қатаң бақылауына алынды», - деп толықтырды департамент өкілі.

Соңғы жаңалықтар