Алматы облысында өрт сөндірушімін деп алдап, ақша жымқырған екі алаяқ ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында өзін өрт сөндіруші деп таныстырған алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ер және әйел адам әрдайым бір қылмыстық схема бойынша әрекет еткен. Олар азық-түлік дүкендеріне тексеріспен келіп, онға жуық дүкен иесін алдап кеткен.

Ескелді ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудандағы ауылдардың бірінің 46 жастағы азық-түлік дүкен иесі екі белгісіз адамға қатысты шара қолдану туралы арызданған. Өздерін өртке қарсы қызмет қызметкері деп таныстырған күдіктілер алдау арқылы дүкен иесінің ақшасын қалтаға басқан.

– Қазіргі таңда жақын маңдағы ауылдардан тағы бірнеше алданған дүкен иелері анықталды. Алданғандар тізімі әлі де ұлғаюы мүмкін. Қылмыстық «дуэт» әрқашан бір схема бойынша әрекет еткен. Өздерін өртке қарсы қызмет қызметкерлері ретінде таныстырған күдіктілер, фотосуреттері мен мөрлері бар қызметтік куәліктерін зардап шегушілер нақты таныса алмайтындай көрсетіп, бірден тексеруге кірісіп, түрлі заңбұзушылықтарды таба бастаған. Кейбірінде өрт сөндіру құралы болмаған, ал өзгелерінде өрт сөндіргіштің мерзімі өтіп кеткен. Олар тіпті пешпен жылыту орны ағаш конструкцияларының оттан қорғау құралдары жоқтығына және одан өзге мәселелерге қатысты заңбұзушылықтарды тапқан. Содан кейін мәселені бейбіт түрде, хаттама жасамай шешуді ұсынып, жәбірленушілерді ақша беруге итермелеген. Қалағанын алғаннан кейін олар өз бетімен кете барған, – дейді Алматы облысы Ескелді ауданы полиция бөлімінің бастығы Жанат Құдайбергенов.

Алаяқтарды анықтау үшін тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілер қысқа уақыт аралығында Алматы қаласының көшелерінен ұсталды.

Күдіктілер - Сарқан ауданының 35 жастағы және Тараз қаласының 26 жастағы тұрғыны. Олар оңтүстік астанада жалдамалы пәтерде бірге тұрған.

Ұсталған адамдар қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында ұсталғандардың облыс аумағындағы басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Қылмыстық іс ҚР ҚК 190-бабы 3-бабы 4-тармағы бойынша тергеліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар