Алматы облысында мемқызметшілер артық жұмыс істеп, ескерту алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері жұмыс кестесінен артық жұмыс істеп, ескерту алды. Талдықорғанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті қызметкерлері рейд кезінде үстеме жұмыс істегендердің үстінен түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейдтік шараларға департамент мамандарымен бірге әдеп кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты. Кешкі 18.30-дан кейін үйіне асықпайтын мемлекеттік қызметкерлер Талдықорған қаласы әкімідігінде, облыстық ішкі аудит департаментінде және басқа да жергілікті атқарушы органдарда көптеп кездесті. Қала әкімінің қос орынбасары кешкі 19.00-ден кейін жиналыс өткізіп жатса, кейбір мамандар тапсырма көп, үлгермей жатырмыз деп ақталған. Тексеру барысында бірнеше хаттама толтырылып, мекеме басшыларына ескерту жасалды. «ҚР Еңбек Кодексі және басқа да заңнамаларға сәйкес мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс істегендер анықталса, оларға алдымен ескерту беріледі. Егер құқықбұзушылық қайталанса, әкімшілік жаза қолданылып мекеме басшысына 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде мұндай заң бұзу дерегі тағы тіркелсе, айыппұл көлемі екі еселенеді», дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ұлан Қалжанов.


Сондай-ақ оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартуға болады, алайда ол үшін бұйрық шығарылуы керек. Және ол адам басына тәулігіне екі сағаттан аспау керек. Ал айына алатын болсақ, 12 сағаттан аспауы тиіс.

Рейдтік шаралар Алматы облысы аумағында алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.


Соңғы жаңалықтар