Алматы облысында күдікті қылмыс ізін жасыру үшін ұрланған көлікті өртеп жіберген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында күдікті қылмыс ізін жасыру үшін қолды қылған көлікті өртеп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұйғыр ауданының полиция қызметкерлері көлікті ұрлап, кейіннен оны өртеп жіберген күдіктіні ұстады. 22 наурыз күні сағат 10.00 шамасында аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Ширин ауылының 37 жастағы тұрғыны түнде өзінің «Ауди-100» маркалы автокөлігін бәз біреулердің ауласынан айдап кеткендігі туралы арызданған.

Іздеуді ұйымдастырған полицейлер Ширин ауылының артындағы алаңнан өртеніп кеткен іздеудегі автокөлікті тапқан. Полиция қызметкерлері үй-үйді аралауды ұйымдастырып, бір сағат ішінде «ізін суытпай» күдіктіні анықтады. Ол көрші ауылдың 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу іс-әрекетінің барысында одан ұрланған автокөліктің үш дөңгелегі, кілттер жиынтығы, автомагнитола, аккумулятор және домкрат тәркіленді. Дәлелдемелер ұсынылғаннан кейін күдікті автокөлікті айдап әкетіп, ұрлағандығын және өртеп жібергенін толық мойындады.

Ұсталған азамат бұрын да бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болған. Қазіргі уақытта ол қамаққа алынды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, 188-баптың 3-бөлігі (Ұрлық) және 202-баптың 2-бөлігі 1-тармағына (Бөтеннің мүлкін өртеу арқылы қасақана жою немесе бүлдiру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар