Алматы облысында коронавирус инфекциясының үш ошағы бар

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Эпидемиологиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Кеген, Талғар аудандарында, сондай-ақ Талдықорған қаласында карантин режимі күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Jetisy media» ақпарат алаңында Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ мәлімдеді. Оның айтуынша, індет жұқтырудың жаңа жағдайлары осы өңірлерде тіркелген. Осыған сәйкес сақтық шаралары қайтадан күшейтіліп отыр.

«Бүгінгі таңда Алматы облысында коронавируспен ауырғандар саны 212-ге жетті. Оның ішінде 73 пациент стационарлық емделуде. Науқастармен 2254 адам байланыста болған. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының белсенді 3 ошағы бар. Бұл - Талғар, Кеген аудандары мен Талдықорған қаласы. Демек, карантин шаралары күшейеді», – деп атап өтті Бауыржан Ысқақ.

Күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, Алматы облысында карантинді кезең-кезеңмен жеңілдету жалғасуда.

Сонымен, 18 мамырдан бастап облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, блокпостар алынып, маңызды нысандар жұмысқа кіріседі.


Соңғы жаңалықтар