Алматы облысында қар құрсауында қалған 11 адам құтқарылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Талдықорған – Қапал» автожолының 59-шақырымында Көшкентал ауылының маңында қар құрсауында қалған 4 жеңіл автокөлікке көмек көрсетіліп, жолаушылар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауа райының нашарлап, бұрқасын дауыл соққанына байланысты төтенше жағдай қызметімен бірлесіп, қауіпті жол учаскелерінде алдын алу шараларын ұйымдастырдық. Боранда қалу жағдайларын тексеру барысында жолда қалған 4 көлік анықталды. Көліктегі 11 адамға, оның ішінде 4 балаға көмек көрсетілді. Оларды жылытып, көліктерін қауіпсіз аумаққа шығаруға қол ұшын бердік. Жолаушылар жақын маңдағы Ақын Сара ауылына жеткізілді»,- деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Молдаханов.

Алматы облысының аумағында ауа температурасы күрт төмендеп, боран соғуына байланысты жол жүру мүмкін болмағандықтан, республикалық және облыстық маңызы бар кейбір жолдар жабылды. Полицейлер жүргізушілердің жолға шықпауын ескертіп, дабыл қағуда. Облыстағы барлық жолдардағы қауіпті аумақтарда жол сақшылары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда.


Соңғы жаңалықтар