Алматы облысында қаңтар оқиғасында видеоға түсіп қалған 11 адам ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Қаңтардағы дүрбелең кезінде бүлік шығарғандарды Алматы облысының полицейлері бейнежазбағы дәлелдер арқылы жаппай ұстап жатыр. Осылайша ұялы телефон кадрларына түсіп қалған 11 күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы ұстау операциясын Алматы облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлері ұйымдастырды.

Олар күдіктілерді өңірдің әр аудан, ауылдарында қолға түсірген. Ұсталған 11 адам - 20-39 жас аралығындағылар.

Қазір олардың үстінен «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Облыстың полиция қызметі арнайы жедел іздестіру операциясы кезінде Сарқан ауданында ұйымдасқан қылмыстық топтың бір мүшесі де ұсталғанын атап өтті.

Департаменттің мәліметінше, қаңтардағы оқиғаға ол Сарқаннан Талдықорғанға келіп қатысқан.

37 жастағы адамды тінту кезінде одан Макаров тапаншасы мен оның оқтары, 210 грамм гашишқа ұқсас шөп тәркіленген.

Сарқан ауданының тұрғыны ұсталғаннан кейін оның туыстары полиция департаментіне келіп, тергеуге кедергі жасамақ болған.

«Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген 11 күдікті ұсталды. Тінту кезінде екі аңшы мылтығы, көптеген оқ-дәрі, құқықтық шаралар кезінде қолданылатын полицияның арнайы құралдары тәркіленді. Олар - қалалық және облыстық полиция ғимаратынан ұрланған заттар», - деді Алматы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Елдар Әбдікенов.


Соңғы жаңалықтар