Алматы облысында екі жылда 56 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің жұмыс тобының отырысы өтті. Отырыста Ақмола және Алматы облыстарындағы жемқорлықпен күрес жұмыстары зерделенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында кеңес төрағасы, «Nur Otan» партиясынан Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің (СЖҚІРК) жұмысы күшейтілетінін атап өтті. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық факторларын анықтау үшін нормативтік актілерге және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлардағы жұмыс процестеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жасауға басымдық берілмек.

«Коронавирус инфекциясы жағдайында мемлекеттік органдарға азаматтардың экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алайда, осындай күрделі кезеңге қарамастан, кейбір мемлекеттік қызметкерлер қызмет бабын жеке мүддесі үшін пайдаланған», - деді Омархан Өксікбаев.

Партиялықтардың пікірінше, негізгі себеп – облыс басшылығының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын-алу бойынша жеткілікті жұмыс атқармауы. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға қатысты да сұрақтар бар.

Кеңес мүшесі, «Nur Otan» партиясынан Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов Ақмола облысындағы өрескел кадрлық жөнсіздіктерге баса назар аударды.

«Дене шынықтыру және спорт басқармасында, сондай-ақ «Қазавтожол» АҚ филиалында заң бұзу және басшылық лауазымдарды атқару құқығы жоқ басшыларды қызметке қабылдау фактілері анықталды. Соңғы қабылданғандары қызметінен босатылды, бірақ бұған қалай жол берілді деген сұрақ туындап тұр»,- деді Әбдіманап Бектұрғанов.

Ал, Көкшетау қаласында әкімдік тұрғын аудандардың біріне тиесілі үйдің аумағына сауда орталығын салуға рұқсат берген. Жергілікті тұрғындар түрлі орындарға шағым түсіргенмен, нәтижесі болмаған. Нұротандық жұмыс тобы келгеннен кейін ғана құрылыс тоқтатылған.

«Әкімдікке осы жер учаскесін бөлу туралы шешімнің күшін жоюды және құрылыс салушыға баламалы учаскені ұсыну мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мұндай мәселелерді партияның орталық аппараты өкілдерінің келуін күтпей-ақ, жергілікті жерлерде жедел шешуге болатын еді», - деп санайды Әбдіманап Бектұрғанов.

Жалпы, 2,5 жыл ішінде Ақмола облысында 376 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген, олардың басым бөлігін жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жасаған.

Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысына қатысты да шағымдар көп. Бұл ретте Кеңес мүшесі, Сенат депутаты Мансұрхан Махамбетов Еңбекшіқазақ ауданындағы бюджет қаражатына салғырт қараушылыққа ашуланды.

«Аудан әкімдігі Қырбалтабай ауылында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысына 485 млн теңгені игерген. Алайда, әкімдік жеке тұрғын үй құрылысы үшін тиісті учаскені таңдауды дұрыс жүргізбегендіктен, бір жарым жыл ішінде қарастырылған 300 учаскенің ешқайсысы берілмеген. Желілерді пайдаланбау олардың күйреуіне соқтырады, ал жоғары вольтты кабельдер ұрланған. Осылайша, келешегі жоқ жоба қаржыландырылып, салық төлеушілердің ақшасы желге ұшқан», - деді Мансұрхан Махамбетов.

Жалпы, Алматы облысында 2018 жылдан бастап 317 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, әр түрлі деңгейдегі 56 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысын қорытындылай келе, Омархан Өксікбаев Ақмола және Алматы облыстарының бірқатар шенеуніктерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты дұрыс атқармағаны және қоғамда ондай келеңсіздікке төзбеушілікті қалыптастырмағаны үшін партиялық жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Атап айтқанда, Кеңес Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовты, мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Мұрат Рахымбергеновті, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ерназаровты партиялық жауапкершілікке тартуды қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар Алматы облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов пен облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әмірғалиевті жауапқа тарту ұсынылды.



Соңғы жаңалықтар