Алматы облысында бренд ішімдіктерді қолдан жасайтын цех анықталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында түрлі брендке айналған ішімдік түрлерін қолдан жасаған цех табылды. Арнайы органның берген бейнежазбасында ішімдіктің қалай жасалатынын да көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеода бес литрлік кір полиэтилен бөтелкесінен бірнеше түтікше арқылы «Зерно» маркалы құмыраның бөтелкесіне белгісіз заттың құйылып жатқанын көруге болады.

Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген тексеру барысында жасырын цехтан 115 дана акциздік марка табылған. Яғни, арақты қолдан жасайтындар арнайы марканы бөтелкеге жабыстырып, тура түпнұсқадағыдай етіп дайындаған.

«Алкоголь өнімінің 30-дан астам танымал маркалары («Беленькая», «Воздух», «Зерно», «Айдаболская» және т.б.) жалға алынған үй-жайда, лас жағдайдағы жасырын цехта дайындалған. Ол арақтар Алматы облысы мен Алматы қаласының көтерме сауда базарларында зауыттық өнім түрінде сатылған. Цехты тексеру нәтижесінде 115 дана жасанды акциздік маркалар, 460 бөтелке жасанды арақ, 300 литр спирт және 65 литр дайын алкоголь өнімі табылды», - деді Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Әлібек Ізбасаров.

Сондай-ақ, қолдан жасалған алкоголь өнімдерін дайындауға және құюға арналған заттар тәркіленді.

«Бұл фактіге сәйкес Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 233-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс (көрінеу жалған акциздік таңбаларды және (немесе) есепке алу-бақылау таңбаларын өткізу мақсатында дайындау немесе сатып алу, сондай-ақ пайдалану немесе өткізу) тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», -деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, түрлі ішімдік түрлерін дайындаумен айналысқан жасырын цех Қарасай ауданынан табылды.



Соңғы жаңалықтар