Алматы облысында браконьерлікпен айналысқан орманшы ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында браконьерлікпен айналысқан орманшы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Уылдырық шашу» жедел-алдын алу шарасы аясында Кеген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қарқара ауылдық округіндегі «Шарқұдық» деп аталатын учаскеде 30 жастағы орман шаруасының заңсыз әрекеттерін әшкереледі. Оның үй-жайыннан 2 дана аңшылық атыс қаруы, сондай-ақ 14 дана оқ-дәрі және жабайы жануардың, шамамен еліктің еті тәркіленді. Қарудың бірі тіркелмегені және еш құжаттары жоқтығы анықталды.

«Экологиялық құқық бұзушылықтар ең көп латенттік дәрежеге ие. Олардың көбі көрінбейтін жағдайда жасалады. Алайда біз оларды анықтау бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуге және экологиялық, табиғатты қорғау іс-шараларын жиі өткізуге тырысамыз. Барлық азаматтарды заңды бұзбауға, браконьерлермен, табиғатқа залал келтірушілермен күресте құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге шақырамыз», - дейді Алматы облысы Кеген аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Уркинбаев.


Аталған дерек ҚР ҚК 337-бабы бойынша СДТБТ-да (Заңсыз аң аулау) тіркелді. Тәркіленген жануардың еті биологиялық сараптамаға жіберілді. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, 16 сәуірде басталған «Уылдырық шашу» жалпыреспубликалық жедел-алдын алу іс-шарасының барысында Алматы облысының құқық қорғау органдары табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 72 құқық бұзушыны анықтады. Оның ішінде 49 дерек – заңсыз балық аулау, 18 - заңсыз аң аулау, 5 - заңсыз ағаш кесу және өсімдіктер жинау. Рейд барысында 300 кг-дан астам балық, 2 жабайы жануардың еті, 5 резеңке қайық, балық және аң аулайтын 29 құрал, 3 бірлік атыс қаруы, желілер, моторлар, аккумуляторлар, шаншу құралдары, ілмекті құралдар және өзге де құралдар тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар