Алматы облысында биыл дүниеге келген алғашқы үшем үйіне шықты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - 29 ақпан күні Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында дүниеге келген үшем бүгін үйіне шығарылды. Ғалымжан, Рахымжан және Мейіржан есімді ұл балаларды анасымен бірге аталған аурухананың жедел жәрдем көлігі үйіне жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш ұлдың анасы, 31 жастағы Ләззат Қаланова - Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының тұрғыны. Үшемнің анасы 11 ақпаннан бастап Алматы көпсалалы клиникалық аурухана дәрігерлерінің бақылауына алынған.

«Қазір үш ұлдың анасы мен балалардың денсаулығы жақсы. Біздің ауруханаға 11 ақпан күні жоспарлы түрде жатқызылған. Жүктіліктің 31-аптасында, 29 ақпанда кесір тілігін жасау арқылы үш ұл дүниеге келді. Бұл жағдайды денсаулық сақтау басқармасы үнемі бақылауда ұстап отырды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ 8 наурыз күні арнайы келіп, үшемнің анасын мерекесімен құттықтаған болатын» ,- дейді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Жұмахан Молдақұлов.


Үшем үйіне келгенге дейін Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана қызметкерлері үйде дезинфекция жұмысын жүргізді. Сонымен қатар отбасы мүшелеріне алгоритмге сай дезинфекциялауды үйретті. Алистановтар отбасына аталған ауруханадан дезинфекцияға арналған құралдар, жеке қорғаныс құралдары (антисептик, маска) берілді.

«Қарғалы ауылдық округінің әкімі Д. Тұрысбековпен бірге үшемді күтіп алдық. Өйткені олардың аман-есен дүниеге келуі үлкен қуаныш. Үшемнің күтіміне 2 орта медицина қызметкері көмек көрсетеді. Сонымен қатар арнайы «NAN» балалар тамағымен қамтамасыз етіледі», - деді Қарғалы ауылындағы аудандық аурухананың директоры Сагеев Сертай Сейфуллаұлы.

Алистановтар отбасында Ғалымжан, Рахымжан мен Мейіржанды 5 және 7 жасар ағасы мен әпкесі күтіп алды.


Соңғы жаңалықтар