Алматы облысында бекеттегі полицейлерге психологиялық көмек көрсетілуде

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полиция қызметкерлеріне психолог-инспекторлар көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы тренингтер қызметкерлердің шыдамдылығын шыңдап, сабырлық сақтау, азаматтармен қарым-қатынас, әсіресе қызмет кезінде туындайтын қиын сәттерде арандатушылармен байланыс кезінде өзін орынды ұстауды үйретеді.

«Бекеттердің жұмысына жұмылдырылған қызметкерлерге моральдық-психологиялық көмек көрсету – уақыт талабы. Ол қызметкерлердің экстремалды жағдайдағы әрекеттерге қызметкерлердің психологиялық даярлығын шыңдауға, олардың моральдық және физикалық шаршауын жеңілдетуге, ішкі істер органдары қызметкерлерінің моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға негізделеді»,- деді Алматы облысы ПД психолог-инспекторы Алина Атабаева.


Аталған бағыттағы қойылған міндеттерді іске асыру үшін тиісті мамандардан құралған арнайы шағын топтар құрылды. Топ мүшелері бүгін блок-бекеттерді аралады. Қызметкерлерге әдістемелік-практикалық көмек қызмет орындарында көрсетіледі.

«Біз тәртіп сақшылары жұмылдырылған барлық бекеттерді аралап шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші күні жүзден астам қызметкерге көмек көрсетілді. Жұмыс жоспарлы түрде кестеге сәйкес жасалады»,- деді Алина Атабаева.


Физикалық жаттығулар психикалық-эмоцияналдық шаршауды басуға көмектеседі. Сонымен қатар, көшпелі тренингтер кезінде «Майнд машина» аудиовизуалды аппараты қолданылады. Ол миды аудиовизуалды ынталандыру арқылы қызметкердің эмоционалды жеңілдеуіне көмектеседі.

Айта кетейік, бүгінгі күні Алматы облысында 118 бекет жұмыс істейді. Оның ішінде – 77 санитарлық және 41 жолды бөгеу және блок-бекеттері бар. Бекеттердің жұмысына 1000 жуық қызметкер жұмылдырылған.


Соңғы жаңалықтар