Алматы облысында азық-түлік дүкендерінен басқа барлық сауда орындарының жұмысы тоқтатылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының әкімдігі коронавирус індетімен күресте қосымша қауіпсіздік шараларын енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық сауда орындары, базарлар, көше саудасының жұмысына да тыйым салынады. Ертеңнен бастап олар жұмыс істемейді. Ал аренда мәселесіне келетін болсақ, әкімдік жұмыстар жүргізді. Қожайындары арнайы жеңілдіктер қарастыруы мүмкін. Бұл мәселе шешіледі. Сондай-ақ көлікті жөндеумен айналысатын орындардың да жұмысы тоқтады. Енді дәмханалар тек сатып алушыға тапсырысын жеткізумен айналысатын болады», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Талдықорғанда өткен брифинг барысында.

Жаңа қаулыға енгізілген талаптар 31 наурыздан сағат 00:00 ден бастап күшіне енеді.

«Жәрмеңкелер өткізілмейді, азық-түліктік емес сауда орталықтарының, бизнес-орталықтардың, интернет және компьютерлік клубтардың, ойын мекемелерінің, базарлардың, қоғамдық тамақтану орындарының, діни маңыздағы нысандардың, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы уақытша тоқтайды. Жасы 65-тен асқан азаматтардың көшеде жүруіне шектеу қойылып, оларға қажетті азық-түлік пен медикаменттерді үйлеріне жеткізіп беру қамтамасыз етіледі. Кәмелеттік жасқа толмағандар да ата-анасынсыз өз бетімен сыртта жүре алмайды. Саябақ, сквер, орталық алаң сияқты халық көп жиналатын орындарға баруға болмайды, ол жерлерде полиция посттары орнатылады», - делінген облыс әкімдігінің ресми сайтында.


Соңғы жаңалықтар