Алматы облысында ауыл жастары бизнесін қорғап, 500 мың теңгеден жеңіп алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Jer Jannaty Jetisy» жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл - «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырып отырған, белсенді ауыл жастарын қолдауға арналған Алматы облысындағы алғашқы бизнес-жобалар шарасы.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли, жоба байқауының жеңімпаздарын құттықтап, қуанышын бөлісті. Ол жобаны іске асырудың жоғары әлеуметтік маңызын атап өтіп, жеңімпаздарға табыс тіледі.

«Көптеген жас жігіттер мен қыздардың идеялары бар, бірақ оларды жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ. Енді менің ойымша, армандарыңызды іске асыру қолдан келеді. Қазір Елбасы мен ел Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта басқа да ауқымды жобалар болады, белсенді қатысыңыздар», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Рустам Әли мен «Қоғамдық келісім» КММ директоры Сандуғаш Дүйсенова жеңімпаздарға құрмет грамотасы мен 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификатты салтанатты түрде табыс етті.

Айта кетейік, байқау комиссиясына 80-нен астам жоба ұсынылды. Бірақ бизнес идеясы ең өтімді және жаңа нарықта өзекті 10 кәсіпкер ғана лайықты марапатқа ие болды.

Алайда, бұл ақшалай қаражаттан басқа, жеңімпаздарға бизнесін алға жылжытуға қолдау көрсетіледі. Жас кәсіпкерлер мамандардан кеңес алып, тәлімгерлермен жұмыс жасап, бизнес саласына қатысты түрлі тақырыптарда пайдалы дәрістер тыңдай алады.

Жоба басталғаннан кейін төрт айдан соң тәлімгерлер бағдарлама нәтижесіне талдау жасайды және бизнесті ілгерілетуде түзету енгізеді.

Сонымен, Алакөл ауданының Лепсі ауылынан Фазыл Аитов, Ақсу ауданы Сағабүйен ауылынан Арай Ахмет және Жандос Әбубәкіров, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылынан Аркенжан Ивраимов, Кеген ауданының Жалаңаш ауылынан Жаңыл Бағыбаева, Алакөл ауданының Қабанбай ауылынан Ерасыл Қыдырбай, Қаратал ауданының Үштөбе қаласынан Мөлдір Сайлау, Қаратал ауданының Үштөбе қаласынан Айдар Самылтыров, Ескелді ауданының Алдабергенов және Панфилов ауданының Бөрібай би ауылынан Ерболат Тоқтасын жарты миллион теңгенің иегері атанды.

Жеңімпаздар көрсетілген құрмет үшін алғысын жеткізіп, сенімді ақтауға тырысатынын және бизнес-жоспарын іске асыру үшін қарқынды жұмыс істейтінін айтты. Байқау жеңімпаздары атынан жиһаз дайындау жобасымен жеңген Алакөл ауданы Қабанбай ауылының тұрғыны Ерасыл Қыдырбай сөз сөйледі.

«Бұл байқауға қатысу - өз бизнесімізді одан әрі дамыту үшін өзіндік трамплинге айналды. Бөлінген қаражатқа әрқайсымыз бизнеске қажетті жабдықты сатып аламыз. Бұл біз үшін өзімізді дәлелдеудің үлкен мүмкіндігі болды, бұл мүмкіндікті ешқашан жіберіп алмау керек. Ауыл жастарына ерекше көңіл бөле бастағанына қуаныштымын, осындай байқаулардың жиі өткізілуін қалар едім. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - деді ол.

Қонақтар үшін жергілікті «Инвайт» тобы және республикалық «Горец» халық би ансамблі өнер көрсетті.


Соңғы жаңалықтар