Алматы облысында Ashyq көшбасшыларына қандай жеңілдіктер беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов Ashyq көшбасшыларына қандай жеңілдіктер берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Алматы облысы бойынша Ashyq жобасының 102 көшбасшысы бар. Бұл мәртебені алған жоба қатысушыларына мынадай жеңілдіктер беріледі: «Қызыл» аймақтағы қатысушылар «сары» аймақ ережесі бойынша, «сары» аймақтағы қатысушылар «жасыл» аймақ ережесі бойынша жұмыс істейді. Ал «жасыл» және «қою қызыл» аймақ қатысушыларының жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылады. Сондай-ақ, нысанның жүктелім шегі 10 пайызға ұлғаяды», - деген өңірдің бас санитары қызметкерлерін белсенді вакциналаған кәсіпорындарға да жеңілдік берілетінін еске салды.

«Қызметкерлерінің кемінде 90 пайызы вакцинаның бірінші компонентін алса, кәсіпорындардың жүктелім шегін 20 пайызға ұлғайтуға болады», - деді Ерғали Сыдыманов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, шарада пандемия өршіп тұрған кезде «Алтын орда» базарының неге жабылмағаны түсіндірілді.

«Алтын орда» базары бойынша мынаны айтайын. Бұл базар елдегі азық-түлік бағасын қалыптастыруда үлкен рөл ойнайды. Өйткені толайым сауда жасаушылардың көбі өнімді осы жерден сатып алады. Егер біз оның жұмысын шектесек немесе бірнеше күнге жауып тастасақ, Алматы облысы мен қаласынан басқа өңірлерде де азық-түлік бағасы өсіп, дүрбелең туады. Бұл жерде мәселеге жан-жақты қарау керек», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.


Соңғы жаңалықтар