Алматы облысында Антикор көлік инспекциясындағы жемқорлықтың алдын алды

Фото:
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мамандары көлік инспекциясынан 27 сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыбайлас жемқорлықтың жоғары аймағына жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің қызметімен байланысты бағыттар, сондай-ақ шетелдік рұқсат беру бланкілерін беру рәсімі және техникалық тексерулер қызметі кірді. Инспекцияның ұйымдастыру-басқару қызметінде өрескел заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
«1 млн 400 мың теңге сомасында іссапарларды негізсіз төлеу фактілері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу фактілері анықталды. Сондай-ақ, аумақтық инспекцияның А. есімді қызметкері мемлекеттік қызметші бола отырып, автомобиль бөлшектерінің көтерме саудасы бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Ал бұл қолданыстағы заңнаманы тікелей бұзу болып табылады», - деп атап өтті Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Тимур Темиралиев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, көліктік бақылау инспекциясы сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім органдардың қатарына кіреді. Тек 2020-2021 жылдар аралығында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосы парақорлық фактілері бойынша 32 қылмыстық істі тіркеді, оның нәтижелері бойынша 3 лауазымды тұлға 17-ден 55 миллион теңгеге дейін айыппұлмен түрлі мерзімге сотталды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басында Алматы облысы бойынша Антикор инспекцияның 3 қызметкерін кәсіпкерлерден кедергісіз жүріп өткені және оларды автомобиль жолдарында әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін 280 мың теңгеге дейін пара алған кезде ұстаған.

Соңғы жаңалықтар