Алматы облысында адам өлтірген күдікті 5 жыл өзге өңірде жасырынған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 5 жыл бұрын адам өлтірген күдікті Қарағанды облысында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай 2015 жылы Балқаш ауданындағы Қараой ауылында болған. Дастархандас болған ер азамат 44 жастағы үйдің иесіне пышақ жарақатын салған.

«Аталған дерек ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі (»Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша тіркеліп, күдікті де анықталған. Кейіннен оның жауапкершіліктен қашып, жалған жауап бергені белгілі болды», - деді ведомстводан.

Полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізгенше, күдікті ізін суытып үлгерген. Бірқатар сараптамалар жүргізілгеннен және қашқынға қатысты негізді дәлелдерден кейін сот күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын белгілеген.

2015 жылдың 7 маусымында күдіктіге іздеу жарияланды. Бес жылдан астам уақыт бойы ол тергеуден мұқият жасырынған.

«2020 жылдың 23 маусымында жедел ақпарат алып Қарағанды облысына жеткен Алматы облысының полицейлері Қарағанды облысының Ақтоғай ауданынан іздеуде жүрген адамды ұстады», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар