Алматы облысында 7 мыңнан астам контрафактілі алкоголь өнімі тәркіленді
«Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында «жалған» акциздік маркалары жабыстырылған алкоголь өнімдерін сатумен айналысқан азаматтар анықталды. Алғашқы тергеу амалдары барысында жоғарыда көрсетілген мекенжайдан көлемі 0,5 литрден 1 литрге дейінгі жалпы саны 7 мыңнан астам контрафактілі алкоголь өнімдері және құрамында этил спирті бар 50 литр сұйықтық тәркіленді. Бұл алкоголь өнімдері («Capital», «Көк Тау», «Қара-жорға», «Березовая», «Қазақстан» маркасындағы коньяк және «Белая Лоза», «Талас», «Агдам» шараптары) арақ-шарап шығаратын арнайы зауытардың өнімдеріне ұқсастырылып дайындалған. Кейін Алматы облысы аумағында көтерме сауда ретінде сатылған», - деп мәлімдеді Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 233-бабы 2-бөлігіне сәйкес (өткізу мақсатында дайындау немесе сатып алу, сондай-ақ жалған акциздік маркаларды және (немесе)есепке алу-бақылау маркаларын пайдалану немесе сату) іс қозғалып сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.